Талдықорғанда TikTok желісінде бейәдеп сөздер айтқан тұрғынға айыппұл салынды

Құқық бұзушы – Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова

Талдықорғанда TikTok желісінде бейәдеп сөздер айтқан тұрғынға айыппұл салынды
Фото: скриншот

Жетісу облысы Ішкі істер департаменті интернет кеңістігінде «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету аясында кезекті құқық бұзушылықтың жолын кесті. Талдықорғанда әлеуметтік желідегі тікелей эфирде қоғамдық әдеп нормаларын бұзған жергілікті тұрғын жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Кезекті мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде қоғамдық әдеп нормаларын бұзып, бейәдеп сөздер айтқан азамат анықталды. Құқық бұзушы – Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова.

Тексеру барысында оның бұған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алайда соған қарамастан, ол заң талаптарын қайтадан бұзған.

Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот қаулысымен азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

«Полиция интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстарының тұрақты негізде жүргізілетінін еске салады. Заң талаптарын бұзғандарға қатысты тиісті шаралар қабылданады», – деп атап өтті мекеме өкілдері.