Астанада ТЖМ құтқарушылары «Қауіпсіз терезе» акциясын өткізді

Жыл басынан бері Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлерде 300-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды

Астанада ТЖМ құтқарушылары «Қауіпсіз терезе» акциясын өткізді
Фото: ТЖМ

Елордада балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құтқарушылар Прокуратура органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, Полиция департаментінің және еріктілер ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп кең ауқымды профилактикалық акция өткізді.

Жыл басынан бері Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлерде 300-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Акция барысында көпбалалы отбасыларға, жас балалары бар отбасыларға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға ерекше назар аударылды. Олардың пәтерлеріне балалардың терезені өздігінен ашуына жол бермейтін шамамен 1500 арнайы терезе бекіткіші орнатылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды. Ведомство балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға, масаға қарсы торларды қорғаныс құралы ретінде пайдаланбауға кеңес береді, өйткені олар баланың салмағына төтеп бере алмайды. Сондай-ақ терезелерге арнайы бекіткіштер немесе ашылуын шектейтін құрылғылар орнату және баланың өздігінен терезеге шығып кетуіне жол бермеу үшін терезе маңына жиһаз қоймау ұсынылады.

Мақалада
#Астана #ТЖМ #акция