Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінде мектеп оқушысын соққыға жыққан ер адам сотталды
15 жастағы оқушыны ұрып-жыққан 38 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Ақтөбеде облыстық «Нұр Ғасыр» орталық мешітінде 15 жастағы оқушыны ұрып-жыққан 38 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2026 жылдың ақпан айында Рамазан айы кезінде болған. Кешкі намаздан кейін үш жасөспірім шыға берісте аяқ киімдерін алған. Олардың бірі ер адамның аяқ киімін қолына алып, достарына бұған ұқсас аяқ киім кигенін айтқан.
Аяқ киімнің иесі мұны көріп, оқушыны соққыға жыққан. Салдарынан жасөспірім дене жарақаттарын алып, миы шайқалған.
Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру және бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот барысында айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұрап, отбасының жалғыз асыраушысы екенін алға тартып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда сот оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Өз кезегінде «Нұр Ғасыр» мешітінің өкілдері сотталған азаматтың аталған діни мекемеге ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеп, алдағы уақытта мешіт аумағындағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке бақылау күшейтілетінін хабарлады.