«Денесінде сау жер жоқ»: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта жаңа деректер айтылды

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды аяусыз өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханның ісі бойынша сот отырысы өтті

«Денесінде сау жер жоқ»: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта жаңа деректер айтылды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды аяусыз өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханның ісі бойынша сот отырысы өтті. Куәгерлер мен марқұмның жақындары қайғылы оқиға болған күннің сұмдық егжей-тегжейін баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта куәгер Индира Беркінбаева оқиға болған сәтте айыпталушының қолында 15–20 сантиметрлік пышақ болғанын және қыз жерде жатқанда оған қайтадан соққы жасағанын жеткізді. Ал марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мәйітханада қарындасының денесін танымай қалғанын, пышақ соққылары оның қалың күртесін де тесіп өткенін айтып көз жасына ерік берді.

Марқұмның бауырлары Шерхан Аймаханның Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, соңынан қалмай қойғанын мәлімдеді. 

Марқұмның ата-анасы мен жақындарының айтуынша, бұл іске дейін олар бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгінген. Алайда туыстарының сөзінше, 102 қызметіне түскен шағымдар тіркелмеген. Сондай-ақ прокуратура қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, сенім телефонына жасалған қоңыраулар да жауапсыз қалған.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 11 қаңтарда Шымкентте болған. Қазіргі уақытта айыпталушы Шерхан Аймаханға кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылуда.