Семейде бұрынғы стадион аумағынан адам сүйектері табылды: құрылыс тоқтатылды

Желі қолданушылары адам сүйектерін бірден танып, оған бейжай қарамаған Семей тұрғынының белсенді азаматтық позициясына оң баға беріп жатыр

Семейде бұрынғы стадион аумағынан адам сүйектері табылды: құрылыс тоқтатылды
Фото: © istockphoto.com

Семей қаласының тұрғыны бұрынғы «Пищевик» стадионының орнынан адам сүйектерін тауып алды. Осы жайттан кейін қалалық әкімдік аталған аумақтағы құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрғын сирек кездесетін бұл олжа туралы бірден жергілікті «ABAI NEWS» басылымына хабарлаған. Оның айтуынша, адам сүйектері жаңа спорт кешенін салу үшін жерді қаза бастаған кезде бетке шыққан.

Оқиға орнына қалалық әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері арнайы тексеріс жүргізу үшін шақырылды. Табылған сүйектердің шығу тегі мен оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында оларға сот-криминалистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта нысандағы барлық құрылыс жұмысы тоқтатылды. Жұмыстар процестік іс-шаралар толық аяқталып, құзыретті органдардың ресми рұқсаты берілгеннен кейін ғана қайта жалғасады.

Желі қолданушылары адам сүйектерін бірден танып, оған бейжай қарамаған Семей тұрғынының белсенді азаматтық позициясына оң баға беріп жатыр.