Еңбек ұжымымен ашық диалог: ЖСДП кандидаттары қандай ұсыныстар айтты?

Жиында әлеуметтік саясатқа қатысты мәселелер де талқыланды

Еңбек ұжымымен ашық диалог: ЖСДП кандидаттары қандай ұсыныстар айтты?
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Құрылтай депутаттығына кандидаттары «КеденТрансСервис» АҚ қызметкерлерімен кездесіп, ауылды дамыту, жұмыспен қамту, зейнетақы жүйесі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және кибералаяқтық мәселелері жөнінде пікір алмасты,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында партия өкілдері «Өркендеуге бастар 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне тоқталды.

«Бәріміздің түп-тамырымыз ауылмен байланысты. Өзіміз болмаса, ата-анамыз, ата-әжеміз ауылдан шыққан. Сондықтан ауылды дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Күшті ауыл болмаса, күшті Қазақстан болмайды», – деді ол.

Кездесу барысында қызметкерлер өңірлердегі жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Осыған байланысты Виктор Калгин ауыл тұрғындарын ұстап қалудың басты жолы – тұрақты жұмыс орындарын құру екенін айтты.

«Егер жұмыс болмаса, ешқандай жеңілдік адамдарды ауылда ұстап қала алмайды. Сондықтан әр ауылда өңдеу кәсіпорындарын ашу қажет. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына да серпін береді», – деді кандидат.

Жиында әлеуметтік саясатқа қатысты мәселелер де талқыланды. Қатысушылар зейнетақы жүйесін жетілдіру, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің жұмысына қатысты өз пікірлерін айтты. Әсіресе, жарна аударған азаматтардың бейінді дәрігердің қабылдауына ұзақ уақыт күтетіні сөз болды.