«Ауыл» партиясының штабында ЕҚЫҰ-ның сайлауды байқау миссиясымен кездесу өтті
Кездесу барысында миссия өкілдері партияның сайлауалды науқанға дайындығы, штаб жұмысының ұйымдастырылуы, сайлаушылармен байланысы туралы сұрақтарын қойды
«Ауыл» партиясының Республикалық сайлауалды штабында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Сайлауды байқау миссиясының өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, республикалық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Шахмардан Байманов, сондай-ақ штаб мүшелері Ерлан Қарабалаев пен Қуаныш Үсенов қатысты. Ал ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы атынан миссия басшысы, елші Винсент Пикет пен саяси талдаушы Даниэла Боттиджелли қатысты.
Кездесу барысында миссия өкілдері партияның сайлауалды науқанға дайындығы, штаб жұмысының ұйымдастырылуы, сайлаушылармен байланыс, үгіт-насихат жұмыстары және сайлау процесіне қатысты өзге де бағыттар бойынша сұрақтар қойды. «Ауыл» партиясының өкілдері көтерілген мәселелерге жан-жақты жауап беріп, сайлауалды науқанның барысы туралы ақпарат ұсынды.
Айта кетейік, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлауды байқау миссиясы Қазақстандағы сайлау процесінің ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелер мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалап, оған кешенді талдау жүргізеді.