Энергетика – бұл тек мегаватт емес, адамдардың еңбегі мен елдің болашағы- Respublica партиясының мүшесі
Ол Павлодарда кездесу өткізді
Respublica партиясы республикалық сайлауалды штабының Павлодар облысындағы жұмыс сапары аясында Құрылтай депутаттығына кандидат, PhD докторы Думан Жампеисов «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында ол Павлодар облысының Қазақстан энергетикасындағы стратегиялық рөліне тоқталды. Өңір елдегі электр энергиясының жартысына жуығын өндіріп, көмірдің жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Алайда, оның айтуынша, энергетика саласына жекелеген жөндеу жұмыстары емес, ұзақ мерзімді әрі жүйелі жаңғырту қажет.
«Павлодар облысы – еліміздің энергетикалық жүрегі. Өңірдің генерация қуаты 8,4 гигаваттқа жетеді, бұл шамамен үш атом электр станциясының өндірістік әлеуетіне тең. Сонымен қатар Павлодар – Ресей мен Өзбекстанға электр энергиясын экспорттайтын өңір. Сондықтан энергетика – бұл тек мегаватт пен статистика емес, осы саланың дамуына күн сайын үлес қосып жүрген адамдардың еңбегі және елдің болашағы», – деді Думан Жампеисов.
Ол Respublica-ның сайлауалды бағдарламасында энергетикалық қауіпсіздікке ерекше мән берілетінін атап өтті.
Ғалым әрі сарапшы ретінде Думан Жампеисовтың пікірінше, заңнама технологиялық өзгерістердің соңынан ілеспей, керісінше, олардың алдында жүріп, экономиканың жаңа талаптарына уақытылы жауап беруі тиіс.