Астана – Қарағанды тасжолының бір бөлігі екі аптаға ішінара жабылады

29 шілде мен 12 тамыз аралығында көліктер жөндеу жүріп жатқан учаскеден жолдың бір жағымен қатынайды

Астана – Қарағанды тасжолының бір бөлігі екі аптаға ішінара жабылады
Фото: © istockphoto.com

Астанада Астана – Қарағанды тасжолының бір бөлігінде көлік қозғалысының сызбасы уақытша өзгереді. Шектеу жол жөндеу жұмыстарына байланысты енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана әкімдігінің мәліметінше, 29 шілде мен 12 тамыз аралығында Қобда тұйығынан А-135 көшесіне дейінгі учаскеде жолдың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Осы кезеңде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Дегенмен жол толық жабылмайды – көліктер жолдың бір жағымен қатынайды.

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша өзгерістерді ескеру ұсынылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін учаскеде қажетті жол белгілері мен бағыттағыштар орнатылады.