Көліктерді жөндеуге бөлінген: Астанада жедел жәрдем станциясының бұрынғы басшылары 700 млн теңге ұрлаған
Оның ішінде 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді
Астанада жедел медициналық жәрдем станциясында санитарлық автокөліктерді жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, сотта Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының тергеген қылмыстық ісі қаралды. Сот 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры, бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және бұрынғы бас механик әрі қойма меңгерушісі міндетін қоса атқарған санитарлық автокөліктерді жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырғанын анықтады. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған автокөліктердің саны 149-дан 32-ге дейін азайған.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 700 млн теңгеден асты. Оның ішінде 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді, ал такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгеден астам қаражат азаматтық сот арқылы өндіріп алуға жатады.
«Сот үкімімен барлық тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 және 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сонымен қатар, олардың әрқайсысына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.