Түркістан облысында депутат шетелдік инвесторды зорлады деген күдікпен ұсталды

Ер адам Қытай азаматын Lexus автокөлігіне отырғызып, елсіз жерге апарып зорлаған

Түркістан облысында депутат шетелдік инвесторды зорлады деген күдікпен ұсталды
Фото: freepik.com

Түркістан облысының полициясы шетелдік азаматшаны зорлау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласының тұрғыны Қытай Халық Республикасынан келген төрт инвесторды Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Байжансай ауылына алып барған. Шетелдік кәсіпкерлер бұл өңірдегі қорғасын-мырыш кенін өндіру мүмкіндіктерімен танысуға келген.

Жәбірленуші тараптың мәліметінше, 43 жастағы ер адам қонақтарды қарсы алып, Қытай азаматын Lexus автокөлігіне отырғызып, елсіз жерге апарып зорлаған.

Оқиға туралы арыз түскеннен кейін Бәйдібек аудандық полициясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті – Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаменті.

Ведомство тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ұсталған азамат Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев болуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа ресми түрде түсініктеме берген жоқ.