«Цифрлық алтыннан» қомақты табыс табасыз дегендерге сенбеңіз: Ұлттық банк жаңа алаяқтық схема туралы мәлімдеді

Ведомство өз қызметкерлері ешқашан азаматтарға қоңырау шалып инвестиция ұсынбайтынын туралы айтты

«Цифрлық алтыннан» қомақты табыс табасыз дегендерге сенбеңіз: Ұлттық банк жаңа алаяқтық схема туралы мәлімдеді
Фото: © freepik.com

Ұлттық банк қазақстандықтарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан жаңа алаяқтық схема туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алаяқтар азаматтарға «цифрлық алтынға», жасанды интеллектке негізделген инвестициялық жобаларға немесе нейрожелімен жұмыс істейтін трейдер-роботтарға ақша салуды ұсынып, жоғары әрі кепілдендірілген табысты уәде етеді.

«Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші немесе инвестициялық компания өкілі ретінде таныстырады. Олар жалған инвестициялық платформаларға тіркелуді ұсынып, табыс графиктері, мәмілелер тарихы, жеке кабинет пен техникалық қолдау қызметі арқылы шынайы жұмыс істеп жатқандай көрініс қалыптастырады. Сенімге кіру үшін бастапқыда аз ғана көлемдегі «пайданы» шешіп алуға мүмкіндік береді. Кейін ірі көлемде қаражат салуға көндіріп, ақшаны қайтару үшін «салық», «комиссия» немесе «сақтандыру» төлеуді талап етеді», – деп ескертті Ұлттық банк.

Ведомство мұндай жағдайда азаматтарға жалған құжаттар мен ресми хаттар да жіберілетінін атап өтті. Ал қажетті төлемдер жасалғаннан кейін алаяқтар байланысын үзіп, платформаға қолжетімділікті бұғаттайды.

Ұлттық банк өз қызметкерлері ешқашан азаматтарға қоңырау шалып инвестиция ұсынбайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және қандай да бір қаржы өнімдеріне ақша салуға шақырмайтынын еске салды.

Егер осындай алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына арыз беріп, Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі арқылы кеңес алуға болады.