ШҚО-да полицейлер ауыр халдегі науқасты дер кезінде жедел жәрдемге жеткізді (ВИДЕО)

Науқастың жолда жағдайы күрт нашарлаған

ШҚО-да полицейлер ауыр халдегі науқасты дер кезінде жедел жәрдемге жеткізді (ВИДЕО)
Фото: freepik.com

Шығыс Қазақстанда полицейлер жол үстінде өмір үшін күрескен науқасқа дер кезінде көмек көрсетті. Өскемен-Самар тасжолында туысының жағдайы күрт нашарлағанын айтқан жүргізушінің өтінішінен кейін тәртіп сақшылары көлікті жедел жәрдеммен кездескен жерге дейін ілесіп апарып, науқасты дәрігерлерге аман тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, Өскемен-Самар автожолының 65-ші шақырымын патрульдеу кезінде ШҚО ПД ППБ қызмет аға инспекторы полиция капитаны А. Қостыбаев пен қызмет инспекторы полиция капитаны А. Оралбековтің экипажына көмек сұрап бір азамат жүгінген.

Қобалжыған жүргізуші жолда туысының жағдайы күрт нашарлап, оның ауыр халде екенін түсіндірген.

Уақыт жоғалтпастан, жол сақшылары көлікті Өскемен қаласы бағытына дереу сүйемелдеу туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар, қызметкерлер өздеріне қарсы жедел жәрдем бригадасын қатар шақыртқан.

«Экипаждың үйлесімді әрекеттерінің арқасында Самсоновка ауылы маңында жедел жәрдем көлігімен сәтті жолығып, науқасты дәрігерлерге табыстады. Бүгін департаменттің мекенжайына осы оқиғаға қатысушылардан бейнеүндеу келіп түсті. Азаматтар полицейлердің жанашырлығына, жоғары кәсібилігіне және уақытылы көрсеткен көмегі үшін шынайы алғыстарын білдірді», – делінген ПД хабарламасында.