Алматы хайуанаттар бағында сирек кездесетін керқұлан құлындады
Хайуанаттар бағының қызметкерлері құлынға Желмая деп ат қойған
Алматының хайуанаттар бағында Қызыл кітапқа енген сирек жануарлардың бірі – керқұлан (Пржевальский жылқысы) құлындады. Хайуанаттар бағының қызметкерлері құлынға Желмая деп айт қойған. Бұл – Құрбанкүл деген аты бар керқұланның екінші төлі, деп жазады Azattyq Rýhy Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Хайуанаттар бағының мәліметінше, қазір қызметкерлер керқұлан мен құлынның жағдайын үнемі бақылап отыр. Енесі мен құлынының жағдайы жақсы, төл қалыпты өсіп-жетіліп келеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай төл алу жойылып кету қаупі бар жануарлардың санын сақтауда маңызды рөл атқарады. Өйткені керқұлан Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енген. Сондықтан хайуанаттар бағындағы әрбір жаңа төл халықаралық табиғат қорғау бағдарламалары аясында түрдің генетикалық әртүрлілігін сақтауға және тұрақты популяциясын қалыптастыруға үлес қосады.
Айта кетейік, керқұлан немесе Пржевальский жылқысы – әлемде табиғи күйінде сақталған жалғыз жабайы жылқы түрі. ХХ ғасырдың ортасында табиғаттан мүлде жойылып кеткен бұл жануар кейін хайуанаттар бақтары мен қорықтарда өсірілген дарақтардың есебінен қайта көбейтіле бастады. Бүгінде ол сирек кездесетін әрі ерекше қорғауды қажет ететін жануарлардың қатарына жатады.