«Қазақстан. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі»: Варламов өзінің фильміне қатысты сынға жауап берді
Блогер өзінің YouTube арнасында «Қазақстан. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» атты жаңа фильмін жариялады
Ресейлік блогер Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы түсірген деректі фильмінен кейін әлеуметтік желілерде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер өзінің YouTube арнасында «Қазақстан. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» атты жаңа фильмін жариялаған. Оның айтуынша, фильм жарық көргеннен кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылып, қызу талқылау басталған.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа фильмім қоғамда үлкен резонанс тудырды. Фильмде мен Қазақстанды «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі» деп атадым. Threads желісінде біреулер бұл тақырыпты көтергенім үшін алғыс айтса, енді бірі фильм елдің беделіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Фильм кейіпкерлерінің бірі мұны дәлірек жеткізді: «Қазақстан – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ғана емес, қылмыстарды жүйелі түрде жасырудың да эпицентрі». «Жасыру» дегеніміз не? Антонида Сурова күйеуіне қатысты полицияға сегіз рет арызданған. Ол қысқа мерзімге қамауға алынғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған. Кейін әлгі адам әйелін өлтірген», – деп жазады блогер.
Ол тағы бір агрессорға қатысты төрт рет қорғау нұсқамасы шығарылғанын, соған қарамастан, ол отбасынан оқшауланбағанын, кейін қызының үйлену күні әйелін өлтіргенін атап өтті.
«Анар қызына қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамға сот үкімінің шығуына қол жеткізген. Осыдан кейін туыстары істі тоқтатуы үшін оған 12 миллион теңге ұсынған. Ол бас тартқанда, оны «отбасының масқарасы» деп атаған. Threads желісінде елдің беделі талқыланып жатқанда, Әйелдер қаралмай қалған арыздары, жақындарының қысымы мен ұзақ уақыт бойы бүркемеленген қылмыстар жайында сөз қозғады. Менің фильмім дәл осы жайында», – деп жазды Варламов.