Сұлулық қымбатқа түсті: Өскеменде екі ер адам дүкеннен косметика заттарын ұрлап кеткен (ВИДЕО)

ШҚО-да косметика дүкендерін тонағандар ұсталды, келтірілген шығын – 100 мың теңгеге жуық

Сұлулық қымбатқа түсті: Өскеменде екі ер адам дүкеннен косметика заттарын ұрлап кеткен (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Өскеменде косметика дүкендерін тонаған екі тұрғын қолға түсті. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бір күнде болған қос ұрлықтың бетін ашты. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, сауда орындарының бірінің өкілі тауарының жоғалғаны туралы арызданған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы ер адамның ұрлыққа қатысы бар екенін анықтаған. Ол сауда залында жүріп, тауарлардың қолжетімділігін пайдаланып, күтім жасауға арналған бірнеше косметикалық құралды жасырын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын 46 мың теңгеден астқан.

Сол күні осыған ұқсас тағы бір жайт тіркелді. Полицейлер жүргізген шаралар нәтижесінде Өскемен қаласының 38 жастағы тұрғыны дүкен сөресінен бірнеше косметикалық затты ұрлағаны анықталды. Одан келтірілген шығын 48 мың теңгеге бағаланды.

«Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бөтеннің мүлкін ұрлау – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын іс-әрекет екенін ескертеді. Бұл үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жаза қарастырылған», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Мақалада
#Өскемен #ШҚО