ШҚО-да қос азаматтығы бар 6 адам елден қуылды

Жыл басынан бері 450-ден астам адам Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған

ШҚО-да қос азаматтығы бар 6 адам елден қуылды
Фото: ШҚО ПД

Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 6 адам елден қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, жыл басынан бері 450-ден астам адам Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған, олардың басым бөлігі көрші мемлекеттің азаматтығын алған.

Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 азамат шетелдік азаматтықты алғаны туралы уақтылы хабарламаған, ал 7 адам азаматтығынан айырылғаннан кейін Қазақстан Республикасының құжаттарын заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 6 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды.

Анықталған жағдайлардың бірі облыс орталығының 43 жастағы тұрғынына қатысты. Ол 2024 жылдың қазан айында өзге мемлекеттің азаматтығын алғанымен, заңда белгіленген мерзімде ішкі істер органдарына хабарламаған. Нәтижесінде, азаматша Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылып, құжаттары тәркіленді.

«ШҚО Полиция департаменті өзге мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда, азаматтар 30 күн ішінде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының азаматтығын куәландыратын құжаттарды тапсыруға міндетті екенін ескертеді. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – делінген ПД хабарламасында.Конец формы