Тас жолға шалқасынан жатып алған: Ақтөбеден Семейге барып, ерсі қылық көрсеткен 35 жастағы әйел жазаланды

Ол өзінің ғана емес, жүргізушілердің де өміріне қатер төндірген 

Тас жолға шалқасынан жатып алған: Ақтөбеден Семейге барып, ерсі қылық көрсеткен 35 жастағы әйел жазаланды
Фото: скриншот

Семейде көлік жүретін көпірде жатып алып, фотосессия жасаған 35 жастағы ақтөбелік ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған видеода байқалғандай, әйел көпір үстімен көліктер ағылып өтіп жатқанда, жол ортасында жатып алып, суретке түскен.

Семей полицейлері «фотомодельдің» жеке басын анықтады. Ол Ақтөбе облысының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушы тұлғаларға кедергі келтіріп, ереже бұзғаны үшін оның үстінен әкімшілік хаттама толтырды.

Абай облысының полиция департаменті мұндай әрекеттердің адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін қатаң ескертті. Қараңғыда жүргізуші жолда жатқан адамды дер кезінде байқамай, көлікті тоқтатып үлгермей қалуы әбден мүмкін.

Тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі лайк пен әдемі кадр үшін өмірді қатерге тікпеуге шақырады.