Қазақстандықтарға МӘМС-тегі мәртебесін тексеру жеңілдейді

Аталған қызмет арқылы қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесін және басқа да қызметтерді жедел ала алады

Қазақстандықтарға МӘМС-тегі мәртебесін тексеру жеңілдейді
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі мен аударылған жарналар туралы ақпаратты алу тәртібі жеңілдемек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысуы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған жарналар мен аударымдар туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.

Ведомствоның мәліметінше, түзетулер мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың сақтандыру мәртебесі мен аударылған жарналар туралы мәліметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Аталған қызмет арқылы қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесін, сақтандыру кезеңдерін, сондай-ақ өздері үшін аударылған жарналар мен аударымдар туралы ақпаратты жедел ала алады. Қызмет электронды үкіметтің eGov.kz порталы арқылы көрсетілмек.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 17,5 миллион адам қатысады.

Барлығы аталмыш сақтандыру арқылы  профилактикалық тексерулер, консультациялық-диагностикалық қызметтер, амбулаториялық және стационарлық мамандандырылған медициналық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, медициналық оңалту қызметтерін ала алады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.

Құжат 27 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.