Оралда адам өмірін құтқару үшін жол ережесін бұзған жүргізуші айыппұл төлемейтін болды
Оның айтуынша, танысының денсаулығы күрт нашарлап кеткен
Оралда сот адам өмірін құтқару үшін жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіге қатысты шығарылған нұсқаманың күшін жойып, әкімшілік істі тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабының 2-бөлігі (көлік құралының белгіленген жылдамдығын сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін асыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған жүргізушінің шағымын қараған.
Іс материалдарына сәйкес, полиция қызметкері ер адамға жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеу туралы нұсқама шығарған.
Сот отырысында арызданушы жол қозғалысы ережесін аса қажеттілік жағдайында бұзуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, танысының денсаулығы күрт нашарлап кеткендіктен, оны облыстық көпбейінді ауруханаға жылдам жеткізуге мәжбүр болған. Бұл жайттар бейнежазбалармен, медициналық құжаттармен және процеске қатысушылардың түсініктемелерімен расталған.
Ұсынылған дәлелдерді зерттеген сот жүргізушінің әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 37-бабында көзделген аса қажеттілік жағдайында жасалған деген қорытындыға келді.
Сот азаматтың әрекеті адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті болдырмауға бағытталғанын, ал зиянның әлдеқайда аз болғанын анықтады.
Осыған байланысты сот жүргізушінің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп танып, шағымды қанағаттандырды. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабының 2-бөлігі бойынша шығарылған әкімшілік айыппұл төлеу туралы нұсқаманың күші жойылып, әкімшілік іс бойынша өндіріс тоқтатылды.