«ЖИ барлық деңгейде енгізіледі»: Бағдат Мусин мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жайлы айтты
Ол жаңа технологияларды дамытуға серпін бермек
«Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі аясында саяси кеңес мүшесі Бағдат Мусин жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бағдарламаны таныстырған кезде еліміздің жасанды интеллект дәуіріне қалай дайындалып жатқанын да айттым. Биылдан бастап бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Соның бірі – AI Sana бағдарламасы. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында шамамен 650 мың студент жасанды интеллект негіздерімен танысып, білім алып жатыр. Бірақ бұл жұмысты тек студенттермен шектемеу керек. Бағдарламаны мектептерде, ауылдарда және еңбек ұжымдарында да кеңінен енгізу қажет. Екінші маңызды бағыт – дата-орталықтар экожүйесін дамыту. Қазақстанда мұндай инфрақұрылымның қалыптасуы жасанды интеллект саласының дамуына берік негіз болады. Бұл жаңа технологияларды дамытуға серпін береді», – деді Мусин брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарда да есептеу қуаттарына сұраныс артып келеді.
«Кейбір жағдайда қолданыстағы ресурстар жеткіліксіз. Сондықтан біз бұл қажеттілікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейміз. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Жасанды интеллект мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартып, көптеген процесті жеделдетуге мүмкіндік береді. Бүгінде көлікті тіркеу сияқты қызметтер бірнеше минутта көрсетіледі. Алдағы уақытта мұндай тиімді сервистердің саны бірнеше есе артады. Сонымен қатар, жасанды интеллект мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау және бақылау үшін де қолданылады. Яғни мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштеріне уақытылы әрі сапалы жауап беріп жатыр ма, көрсетілетін қызметтердің тиімділігі қандай – осының бәрі талданады. Жалпы, жасанды интеллект барлық деңгейде енгізіледі. Бұл, біріншіден, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, екіншіден, азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді ол.