Қырғызстан тауларында қалған қазақстандық туристер үш күннен бері шыға алмай жатыр

Вильдан есімді туристің айтуынша, оның тобында 10 адам, соның ішінде үш бала бар

Қырғызстан тауларында қалған қазақстандық туристер үш күннен бері шыға алмай жатыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан барған бір топ турист Қырғызстан аумағындағы Чатқал аңғарында үшінші күн қатарынан құрсауда отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg.-ге сілтеме жасап. 

Қара-Тоқой көлінің маңындағы өзен суының кілт көтерілуі салдарынан көпірлер қирап қалған. Эвакуацияны күтіп отырғандардың арасында қазақстандықтар мен балалар бар.

Вильдан есімді туристің айтуынша, оның тобында 10 адам, соның ішінде үш бала бар. Сондай-ақ, оларға жақын маңда Бішкектен келген тағы бір үлкен туристік топ (шамамен 30-ға жуық адам) бөгеліп қалған.

«Біздің осында тұрғанымызға үшінші күн болды. Көпірлер қалпына келтірілгенше күте тұруды өтінді. Көліктеріміз бен шатырларымыз бар, түнейтін жерден таршылық көріп отырған жоқпыз. Барлығының жағдайы жақсы, арамызда үрей туған жоқ», — деді Вильдан.

Өткелдердің бұзылуы салдарынан туристер Чатқал өзенінің салалары арасындағы құрлықта оқшауланып қалған. Өзен ағысы тым қатты болғандықтан, оны көлікпен немесе жаяу өздігінен кесіп өту мүмкін емес.

Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсетуде. Құтқарушылар азық-түлік пен ең қажетті заттарды өзеннің арғы бетіне арқандар арқылы лақтырып, жеткізіп жатыр. Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі жергілікті тұрғындар мен шопандар да туристерді жалғыз қалдырмаған.

Құрсауда қалған саяхатшылар қиын сәтте қол ұшын созған қырғыз бауырларға ерекше ризашылығын білдірді.

«Көмектесіп жатқан жандарға көп рақмет. Шопандар, жақын маңдағы ауыл тұрғындары, ТЖМ қызметкерлері — бәрі бізді қолдап, азық-түлік әкеліп, қолдарынан келгенше көмектесуде. Әрқайсысына алғысымыз шексіз», — деп толықтырды қазақстандық турист.

Қазіргі уақытта туристер шатырлармен, жеке көліктермен және қажетті заттардың қорымен толық қамтамасыз етілген. Олар Чатқал аңғарынан аман-есен шығу үшін арнайы техниканың көпірлерді толық жөндеп бітуін күтуде. Жергілікті билік жағдайды өз бақылауына алған.