Қазақстанның тоғыз қаласында ауа сапасы нашарлайды
Атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналу қаупі бар
Дүйсенбі, 6 шілде күні Қазақстанның тоғыз бірдей қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Синоптиктер тұрғындарға сыртқа шыққанда ауа райы факторларын ескеруді және сақтық шараларын сақтауды ұсынады. деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Мамандардың болжамынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналу қаупі бар. Күндіз мұндай жағдай Ақтөбе мен Алматы қалаларында байқалса, түнгі және таңғы уақытта Астана, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Атырау қалаларында сақталады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.