Павлодарда жол апатынан 32 жастағы жүргізуші мерт болды

Жол апаты қаладағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Жаяу Мұса көшесінің қиылысында болған

Павлодарда жол апатынан 32 жастағы жүргізуші мерт болды
Фото: © istockphoto.com

Павлодар қаласында қайғылы жол апаты болды. Жеңіл автокөлік жол жиегіндегі бағанға соғылып, жүргізуші алған жарақаттарынан тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәрігерлердің мәліметінше, апат туралы шақырту бүгін, 5 шілде күні таңғы сағат 06:00-ге таман түскен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы 32 жастағы ер адамның қаза тапқанын анықтады.

Жол апаты қаладағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Жаяу Мұса көшесінің қиылысында болған. Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, «Geely Emgrand» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты шектен тыс асырған. 

«Басқаруға ие бола алмай қалған жүргізуші жол жиегінде тұрған трамвай желісінің бағанына қатты соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, ол алған дене жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды», — деп хабарлады полициядан.

Павлодар облыстық Полиция департаменті бұл дерек бойынша ресми түрде тергеу амалдарын бастады.

«Жүргізушінің қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр», — деп толықтырды ведомстводан.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге таңғы және түнгі уақытта жолдарда барынша сақ болуды, жылдамдық режимін қатаң сақтап, қауіпсіздік ережелерін елеусіз қалдырмауды сұрайды.