Қызылордада қоғамдық орындарда бетті бүркеп жүруге тыйым салынды
Бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киген 284 заң бұзушылықтың жолы кесілді
Қызылорда облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киген 284 заң бұзушылықтың жолы кесілді. Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 434-3-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда адамның тұлғасын тануды (идентификациялауды) қиындататын киім үлгілерін киіп жүруге тыйым салынған.
Жаңа талапқа сәйкес, бетті жасыратын бірқатар киім мен аксессуарларға шектеу қойылады. Олардың қатарында балаклавалар мен спорттық маскалар, медициналық қажеттіліксіз тағылатын бетперделер, никабтар, сондай-ақ бетті толықтай немесе ішінара жауып тұратын өзге де киім түрлері бар.
Ерекшеліктер: Тыйым қызметтік міндеттерді атқару, ауа райының қолайсыздығы, спорттық немесе мәдени шаралар кезінде және медициналық мақсатта бетті жабу жағдайларына қолданылмайды.
Тәртіп сақшылары профилактикалық шаралар барысында тұрғындармен кездесіп, заң талаптарын түсіндіруде, ақпараттық жадынамалар таратуда. Әсіресе халық көп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтарында, білім беру мекемелерінде бақылау күшейтілген.
Полицияның мәлімдеуінше, бұл шаралардың басты мақсаты – азаматтарды жауапқа тарту емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер талап алғаш рет бұзылса, азаматқа ресми ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.
Қызылорда облыстық ПД өңір тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға атсалысуға шақырды.