Жыл басынан бері жанармайды заңсыз тасудың 600-ге жуық дерегі анықталды

Заңсыз тасымалданбақ болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асады

Жыл басынан бері жанармайды заңсыз тасудың 600-ге жуық дерегі анықталды
Фото: © istockphoto.com

2026 жылдың басынан бері еліміздің автокөлік өткізу пункттерінде мұнай өнімдерін заңсыз сыртқа шығарудың 593 әрекетіне тосқауыл қойылды. Заңсыз тасымалданбақ болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 40 мың литрден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектенов жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығындағы ахуалды бақылау және мұнай өнімдерінің шекара асып, заңсыз ағылып кетуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын пысықтады. Қазіргі уақытта шекара маңындағы өңірлерде арнайы Жол картасы аясында күшейтілген бақылау шаралары жүріп жатыр.

Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі ЖЖМ нарығы тұрақты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бензин, дизель және авиациялық отын қоры ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтей алады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың мәліметінше, бақылау шаралары барынша қатаңдатылған.

«Тек соңғы екі тәуліктің ішінде ғана өткізу пункттерінде автокөліктердің қосымша орнатылған бактары мен канистрлеріне құйып, 3 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз алып өтпек болған 61 әрекеттің жолы кесілді», — деді вице-министр.

Сондай-ақ, шекарада 18 мамандандырылған көлік тексеріліп, ішінде 34 тонна мұнай өнімі бар бір бензовоздан сараптама жүргізу үшін арнайы сынамалар алынған.

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемі күдікті түрде өсіп кеткен 62 автожанармай құю бекеті мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Күдікке ілінген бұл нысандардың барлығында алдағы уақытта жаппай тексеру жұмыстары басталады.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға ішкі мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды күнделікті бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.