«Жүйе қатып қалды»: Астанада техникалық ақау кесірінен қыздың тапсырған емтиханы жоққа шығарылды

Бойжеткеннің сөзінше, емтиханға жазылудың өзі үлкен машақатқа айналған

«Жүйе қатып қалды»: Астанада техникалық ақау кесірінен қыздың тапсырған емтиханы жоққа шығарылды
Фото: © istockphoto.com

Астана қаласында бойжеткен Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында практикалық емтиханды сәтті тапсырғанына қарамастан, жүргізуші куәлігін ала алмай қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бейнекамерада бәрі жазылып қалса да, базаның істен шығуына байланысты сәтті өткен маршрут есепке алынбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астаналық бойжеткен өз басынан өткен келеңсіз жағдайды Instagram парақшасында бөлісіп, құзырлы органдардың назарын аударуды сұрады.

Бойжеткеннің сөзінше, емтиханға жазылудың өзі үлкен машақатқа айналған. Жүйе үнемі ақау беріп, адамдар кезекке түннен бастап тұрған. Емтихан тапсыратын күні де база бірнеше сағат бойы істемей, сынақ тек түскі уақытқа таман басталған.

Бойжеткен барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, небәрі 20 айып балын (рұқсат етілген шек ішінде) жинаған. Алайда, ең соңғы сәтте мамандандырылған ХҚКО-ның бағдарламасы нәтижені тіркемей қойған.

«Елестетіп көріңізші, мен бәрін тапсырдым. Қағазда менде 20-ақ айып балы жазылып тұр, яғни емтиханнан өттім. Бірақ дәл соңында жүйе нәтижені оқымай қалды. Сол кезде олардың нұсқаушысы келіп: «Көлікті артқа қарай айда» деді. Мен: «Неге?» деп сұрап едім, «Жүйе оқымай тұр» деп жауап берді. Оның айтқанымен көлікті артқа шегіндірген сәтте, жүйе маған автоматты түрде 100 айып балын жазып жіберді. Нәтижесінде емтиханым күшін жойды», — деп күйінді бойжеткен.

Астаналық тұрғын бүкіл бағыт көліктегі бейнетіркегішке жазылғанын, онда мәре сызығынан өткені және 100 айып балы тек нұсқаушының пәрменінен кейін пайда болғаны анық көрініп тұрғанын жеткізді. Бірақ мамандандырылған ХҚКО-ның  қызметкерлері видеоны көруден бас тартып, нәтижені бірден жойып жіберген. Енді қайта тапсыру мүмкіндігі тек 10 күннен кейін ғана берілмек.

«Мен жалпы камералардың жазбасын беруді өтіндім. Автодромда бір көлік екіншісін соқса, сол камералармен кімнің кінәлі екенін бірден тауып алады ғой. Ал мен сұрағанда «жазба жоқ» деп құтылды. Біз жұмыстан сұранамыз, ақысыз демалыс аламыз, уақытымыз бен жүйкемізді құртамыз. Онсыз да үлкен стресс, ал олар маған келіп: «Нәтижені жоямыз» дей салады. Олар үшін бұл жай ғана формальдылық», — дейді ашынған азамат.

Бойжеткен өзіне ерекше көзқарас қажет емес екенін, тек жағдайдың әділ қаралуын талап ететінін айтты. Ол: «Егер техникалық ақаудың зардабын тек үміткер тартатын болса, автодромдағы камералар мен нұсқаушылар не үшін керек?» деген сауал тастады.

Қазіргі уақытта желіде бұл бейнежазба үлкен талқылау тудырып жатыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тарапынан әлі ресми жауап берілген жоқ.