Бұқтырма су қоймасында жағаға жете алмай қалған 13 турист құтқарылды
Олардың ішінде 7 бала бар
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында құтқарушылар Бұқтырма су қоймасында ауа райының күрт нашарлауына байланысты тығырыққа тірелген демалушыларға көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сүйенсек, бір топ демалушы қайықтармен су қоймасының қарсы бетіне өтіп кеткен. Алайда кенеттен тұрған қатты жел мен биік толқындардың салдарынан олар жағаға өз бетінше қайта алмай қалды.
Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары дереу жетті. Жедел жүргізілген құтқару операциясы нәтижесінде 13 адам эвакуацияланды, олардың 7 – бала.
«Зардап шеккендердің барлығы аман-есен қауіпсіз жерге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ», - деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Төтенше жағдайлар министрлігі демалушыларға суға шықпас бұрын міндетті түрде ауа райы болжамын тексеруді және дауылды ескертулерге құлақ асуды қатаң ескертеді. Жел күшейіп, толқын көтерілген жағдайда жүзу құралдарымен суға шықпай, дереу жағаға қайту қажет.