Қазақстанда қылмыс деңгейі 10% төмендеді: ІІМ
2026 жылдың алғашқы алты айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы жарияланды
Қазақстан Ішкі істер министрлігінде өткен алқа отырысында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы жарияланды. Мекеме басшысы Ержан Сәденов ішкі істер органдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынды ашқан ішкі істер министрі Ержан Сәденов 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Ата заңда конституциялық деңгейде «Заң және Тәртіп» қағидасы бекітілген.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағида мемлекеттік органдар мен тұтас қоғам қызметінің негізіне айналуы тиіс. Ішкі істер органдары үшін бұл – заңдылықты мүлтіксіз сақтау мен қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, профилактиканы күшейту және қылмыспен ымырасыз күрес жүргізу деген сөз», – деді министр.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елімізде қылмыс деңгейі 10% (немесе 4919 қылмысқа) төмендеген. Оның ішінде барлық негізгі санат бойынша көрсеткіштер жақсарып, қылмыстың ашылу деңгейі мен тергеу жұмыстарының тиімділігі артты.
Жүйелі алдын алу шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуі байқалды. Атап айтқанда, бұрын сотталғандар мен кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар, мас кезде, қоғамдық орындарда және отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында жасалатын құқық бұзушылықтар азайды. Сонымен қатар, пәтер және мүлік ұрлығы 16,4%, ал мал ұрлығы 15,8% төмендеді.
Министр мал ұрлығына қарсы іс-қимыл басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін қадап айтты, өйткені ауыл тұрғындары үшін төрт түліктің амандығы – отбасының әл-ауқатының кепілі.
ІІМ басшысы оң динамика босаңсуға себеп емес екенін, керісінше жұмыс сапасын одан әрі арттыруға серпін беруі тиіс екенін ескертті. Жиында кейбір өңірлік бөлімшелер мен қызметтердің жұмысына сын айтылып, ондағы олқылықтар бағаланды.
Аумақтық полиция басшыларына анықталған кемшіліктерді дереу жою және жұмыс нәтижелері үшін жеке жауапкершілікті арқалау тапсырылды.