Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жаңа ЖЭО салу көзделіп отыр

Олардың құрылысы ұзаққа созылмауы керек

Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жаңа ЖЭО салу көзделіп отыр
Фото: Depositphotos

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін жаңа жылу электр станцияларын салу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысы алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салынуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай және газ негізгі үлесті құрайды. Сондықтан дәстүрлі энергетиканы дамыту мен елді газдандыру жұмысы жалғасады.

«Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым. Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды, қазір ол 65 пайызға жуық», – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылатын энергия көздерін дамыту жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, 2029 жылға қарай елде 13 гигаваттан астам жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланған, оның кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болады.

Президент табиғи ресурстардың әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін де атап өтті.

«Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз саналады. Мұны толық пайдалануымыз керек. Сондықтан биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды», – деді ол.

Осыған байланысты президент Үкіметке үш қалада жаңа жылу электр станцияларын салу жұмысын созбай аяқтауды тапсырды.

«Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамыту бағытын жалғастыратынын мәлімдеді.

«Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел саналады. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады», – деді президент.