Елімізде энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту үшін биыл 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді

Еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту қажет

Елімізде энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту үшін биыл 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту экономиканы жаңа үлгіге көшірудегі үшінші басым міндет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының айтуынша, экономиканы жаңа деңгейге шығару үшін энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды жан-жақты дамыту қажет.

«Үшінші міндет – еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту. Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі саналады», – деді президент.

Осы мақсатта елімізде энергетикалық және коммуналдық салаларды кешенді жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба іске асырылады.

«Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, жаңғырту барысында косметикалық жөндеуден гөрі түбегейлі өзгерістерге басымдық беріледі.

«Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу», яғни жөндеу тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысан мен жүйелерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізілетін болды», – деді мемлекет басшысы.