Тоқаев: Астанада жаңа әуежайдың құрылысы көп ұзамай басталуы керек

Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр

Тоқаев: Астанада жаңа әуежайдың құрылысы көп ұзамай басталуы керек
Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында көлік-логистика саласын дамыту стратегиялық басымдықтардың бірі екенін айтты. Мемлекет басшысы елорданың жаңа әуежайын салу кезек күттірмейтін міндет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Президенттің айтуынша, көлік-логистика саласы Қазақстанның инфрақұрылымдық дамуының негізгі тіректерінің бірі саналады. Бұл бағытта өңірлік бәсеке күшейіп келе жатқандықтан, ел өзінің транзиттік әлеуетін арттыруы қажет.

«Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан бәсеке күшеюде», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол және автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасатынын атап өтті.

«Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады», – деді президент.

Оның айтуынша, автожолдарды жаңарту және шекарадағы өткізу бекеттерін модернизациялау жұмысы да жалғасады.

«Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек», – деді ол.

Президент автокөлік және авиация салаларының әлеуетіне де тоқталды.

«Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, елдің авиациялық әлеуетін күшейту үшін жаңа әуе инфрақұрылымын дамыту қажет.

«Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.