Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 700-ден аса түлек ҰБТ тапсырды
Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Әлтайыр жинады
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 10 мамыр күні басталған негізгі ҰБТ 340 мыңға жуық мәрте тапсырылды. Талапкерлердің 73%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 27%-ы орыс тілінде және 522 рет ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 66 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Әлтайыр жинады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 765 талапкер қатысты.
«Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады. ҰБТ-ны өткізудің жеті аптасында 715 ереже бұзушылық анықталды. 422 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 286 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.