Павлодарда жеңіл көлік жол жиегінде тұрған екі адамды жаншып өлтірді

Павлодарда екі адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Павлодарда жеңіл көлік жол жиегінде тұрған екі адамды жаншып өлтірді
Фото: instagram.com/ti.pavlo

Павлодарда екі адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның алдын ала мәліметінше, жеңіл автокөлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, жаяу жүргіншілерді қағып, кейін жарық бағанасы мен аялдамаға соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апаты бүгін, 29 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында болған. Mitsubishi Carisma автокөлігі апатқа ұшырады. Оқиға орнынан түсірілген фото және бейнематериалдар әлеуметтік желілерде тарады.

Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші алдын ала дерек бойынша қарсы бағыттағы жолаққа шығып, үш жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Одан кейін көлік жарықтандыру бағанасына және автобус аялдамасына соғылып, аударылып қалған.

Жол апаты салдарынан екі жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді.

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталып жатыр.