Апатты жағдай және қауіпті трюк: Алматыда жастар жолда қауіпті маневр жасап, жұрттың зәресін алды (ВИДЕО)

Төрт жүргізуші мен бір жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Апатты жағдай және қауіпті трюк: Алматыда жастар жолда қауіпті маневр жасап, жұрттың зәресін алды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматыда бір топ жас жолда қауіпті маневр жасап, жұрттың зәресін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Алматы қаласы полициясының қызметкерлері Шығыс айналма автожолы бойымен қозғалған бірнеше автокөлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіргені түсірілген бейнежазбаны анықтады.

«Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде барлық азаматтың жеке басы анықталды. Төрт жүргізуші мен бір жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үш жүргізушіге қауіпті маневр жасағаны, жолаушыны көлік салонынан тыс жерде тасымалдағаны және жолда апатты жағдай туғызғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Тағы бір жүргізуші көлік салонынан тыс жерде жолаушы тасымалдағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар көлік салонынан тыс жерде отырған жолаушының өзі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығымен мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – делінген ПД хабарламасында.

Алматы қаласының полициясы азаматтарға жолдағы қауіпті әрекеттердің, әсіресе әсерлі бейне түсіру немесе көңіл көтеру мақсатында жасалатын заң бұзушылықтардың заңда көзделген жауапкершілікке әкелетінін және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін еске салады.