«Қалжың деп ойлаған еді»: астаналық жас жұбайлар Threads арқылы танымайтын адамдарды тойына шақырды
Бес адам тойдың құрметті қонағы болған
Әлеуметтік желілер тек таныс емес адамдардың басын қосып қана қоймай, қазақтың дәстүрлі той мәдениетіне жаңа леп әкеліп жатыр. Аңсаған есімді тұрғын өзінің Threads парақшасында үйлену тойына бір күн қалғанда бос орындардың бар екенін айтып, кез келген тілек білдірушіні қонақ болуға шақырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көпшілігі бұл хабарландыруды әзіл немесе тренд үшін жасалған пранк деп ойлағанымен, шақырту шынайы болып шықты.
Той иесінің айтуынша, бұл ұсынысқа қызығушылық танытып, хат жазғандар өте көп болған. Нәтижесінде Threads желісінен табылған 5 бейтаныс азамат тойдың құрметті қонағына айналды.
«Мұны әзіл деп ойлағандардың бәріне сәлем. Иә, орындар болған соң Тредс арқылы қонақтар шақырдым. Қорытындысында желідегі 5 оқырман біздің үйлену тойымыздың қонағы болды. Жазған, келгісі келген жандардың бәріне рақмет, өкінішке қарай орындар шектеулі еді. Келген қонақтарға ерекше алғыс, біз жаңа достар таптық», – деп жазды той иесі.
Тойға барып қайтқан қонақтар да ризашылығын жасырған жоқ. Желі қолданушыларының бірі бұл керемет кеш болғанын айтса, енді бірі басқа бір қыздың Threads-те бұл тойдан алған әсерімен бөлісіп үлгергенін жазды.
Бұл оқиға қазақтың «Қонақ келсе, құт келер» деген аталы сөзінің цифрлық заманда жаңаша сипат алғанын көрсеткендей. Желі арқылы жиналған жастар «Нағашылар» тобы болып бірігіп, болашақта да достықтарын жалғастыруға уағдаласқан.