Маңғыстау облысында Әбіш Кекілбай білім алған тарихи мектепте шенеуніктер бас қосты

Жұлдыз Сүлейменова Әбіш Кекілбай білім алған тарихи мектепке барды

Маңғыстау облысында Әбіш Кекілбай білім алған тарихи мектепте шенеуніктер бас қосты
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жазушы Әбіш Кекілбай білім алған Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында орналасқан Шахта жалпы білім беретін мектебіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, министр облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге мектептің материалдық-техникалық базасын, тарихи музейін аралап, білім беру барысымен танысты.

Шахта жалпы білім беретін мектебі – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбай мектеп табалдырығын аттап, орта мектептегі жоғары сыныптарын оқып, тәмамдаған тарихи білім ордасы. Бүгінде мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған музей жұмыс істейді.

«Іс-сапар барысында министр мен облыс әкімі ауыл тұрғындарымен және педагогикалық қауымдастық өкілдерімен кездесіп, өңірдегі білім беру жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына тоқталып, Маңғыстау облысында соңғы жылдары қол жеткізілген нәтижелерді атап өтті», – делінген министрлік хабарламасында.

Тарихи білім ордасына жасалған сапар барысында мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігімен, білім беру үдерісімен және қалыптасқан тәжірибесімен танысуға ерекше назар аударылды. Мектеп ұжымымен өткен кездесу өңірдегі білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.