Павлодарда балабақша тәрбиешілері балаларды ұрып-соққан: тергеу амалдары басталды
Павлодар қалалық білім бөлімі бейнежазбада тәрбиешінің 4 жасар балаға қатысты дөрекі мінез-құлық танытқанын ресми түрде растады
Павлодар қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде үлкен жанжал туындады. Әлеуметтік желіде бейнебақылау камераларындағы таспалар жарияланғаннан кейін, полиция қызметкерлері ресми тергеу амалдарын бастады. Ата-аналардың айтуынша, тәрбиешілер бүлдіршіндерге күш көрсетіп, қатыгездік танытқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шағым түсірген аналардың бірі өзінің үш жасар қызының соңғы уақытта балабақшаға барудан қатты қорқып, түнде жылап шошып оянатын болғанын айтады. Баласының мазасызданғанына алаңдаған әйел мекемедегі бейнекамералардың мұрағатын тексеруді талап еткен.
Бейнежазбаларды көрген ата-аналар балабақша тәрбиешілерінің бірқатар заңсыз әрекетін әшкереледі. Олардың айтуынша, ұйықтату кезінде қызметкерлер балаларды төсекке күштеп жатқызып, қарсылық білдірген қыз баланың басын жастыққа қатты қысып ұстаған. Сондай-ақ тамақтану кезінде қолынан қасығын түсіріп алған кішкентай ұл баланы тәрбиеші қасықпен қолынан бірнеше рет ұрғаны бейнежазбада көрініс тапқан.
Бұл жағдайды сол бөлмеде тұрған екінші қызметкер көріп тұрса да, ешқандай араша түспеген. Павлодар қалалық білім бөлімі бейнежазбада тәрбиешінің төрт жасар балаға қатысты дөрекі мінез-құлық танытқанын ресми түрде растады.
Бейнекадрларды көргеннен кейін ата-аналар бірден оқиға орнына полиция шақыртқан. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы барлық материалдарды тәркіледі. Оқиғаға байланысты Павлодар облысының Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жанжалдан кейін аталған тәрбиеші балалармен жұмыс істеуден дереу шеттетілді. Сонымен қатар Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында тек осы қызметкерді ғана емес, мекеменің бүкіл педагогикалық құрамын жан-жақты тексеруден өткізетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл өңірдегі балабақшада болып отырған бірінші оқиға емес. Бұған дейін Павлодарда бүлдіршіндерді жүйелі түрде ұрып-соққан 33 жастағы тәрбиеші сотталған болатын.