Шанхайда қазақ халқының мәдени мұрасы көрмеге қойылды

Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі ұйымдастырған бұл мәдени шара 30 тамызға дейін жалғасады

Шанхайда қазақ халқының мәдени мұрасы көрмеге қойылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Қытайдың Шанхай тарихи мұражайында Қазақстанның тарихы мен өнеріне арналған «Ата-бабалар мұрасы – дәстүрлер сабақтастығында» атты халықаралық көрме ашылды. Алматы қаласы мұражайлар бірлестігі ұйымдастырған бұл мәдени шара 2026 жылдың 30 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жоба 2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Алматы мен Шанхай қалаларына бауырлас мәртебесі берілгеннен кейінгі маңызды мәдени қадамдардың бірі болды.

Өзара байланыстың нығаюына 2026 жылдың сәуір айында Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға жасаған ресми сапары үлкен серпін берді. Сапар қорытындысы бойынша екі шаһардың бас мұражайлары арасында серіктестік туралы маңызды меморандумға қол қойылған болатын.

Халықаралық экспозицияға Алматы мұражайларының қорынан алынған 100-ге жуық бірегей экспонат қойылды. Олар шетелдік көрермендерді қазақ халқының бай тарихымен, салт-дәстүрімен және қолөнерімен таныстырады.

Көрмеге көшпелілердің бай мәдениетінен сыр шертетін этнографиялық бұйымдар, сирек кездесетін мұрағаттық құжаттар мен тарихи фотосуреттер, қазақтың дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары қойылған. Сондай-ақ экспозициядан 1287 жылы Алматы өңірінде соғылған көне күміс дирхемдер де көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ерекше толықтырылған бөлігі ұлттық музыка өнеріне арналған. Мұражайға келушілер тек аспаптарды тамашалап қана қоймай, арнайы орнатылған QR-кодтардың көмегімен олардың үнін, домбыра мен қобыздың нақышты орындалуын тікелей тыңдай алады.

Бұл халықаралық жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени алтын көпірді нығайтуға, мұражай ісін жаңа деңгейге көтеруге және қазақтың тарихи мұрасын әлемдік деңгейде дәріптеуге бағытталған.