Шымкент, Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары жер сілкінісін сезді
Жерасты дүмпуі 2 балл көлемінде сезіліп, зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат тіркелген жоқ
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Ұлттық сейсмологиялық зерттеулер және ақпарат ғылыми орталығы» ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі 27 маусым күні Астана уақытымен сағат 18:34-те жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Ауғанстан аумағында болған.
Есептік қарқындылығы 2 балл болатын жерасты дүмпулері Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар елді мекенінде тіркелді.
Түркістан облысында жер сілкінісін Мырзакент, Жетісай, Абай, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Ленгір, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Тұрар Рысқұлов, Арыс, Темірлан, Шәуілдір және Шаян тұрғындары сезді.
Жамбыл облысында дүмпулер Тараз қаласында, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса, Құлан, Меркі ауылдарында және Қаратау қаласында сезілген.
ТЖМ мәліметінше, зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Жер сілкінісі кезінде не істеу керек
Құтқарушылар тұрғындарға негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды:
-
сабыр сақтап, үрейге бой алдырмаңыз;
-
дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
-
терезеден, жиһаздан және аспалы шамдардан алыс тұрыңыз;
-
көтергіш қабырға маңына немесе басқа қауіпсіз жерге паналаңыз;
-
ғимараттан тек дүмпу тоқтағаннан кейін ғана шығыңыз;
-
газды, суды және электр қуатын өшіріңіз;
-
алдын ала дайындалған төтенше жағдай сөмкесін өзіңізбен бірге алыңыз;
-
ғимараттардан, ағаштардан және электр желілерінен алыс болыңыз;
-
қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін ескеріңіз;
-
қажет болған жағдайда қарт адамдарға және мүгедектігі бар адамдарға көмектесіңіз.