Павлодарда мешіттен өрт шығып, бір адам жарақат алды

Оқиға Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің жертөлесінде болған

Павлодарда мешіттен өрт шығып, бір адам жарақат алды
Фото: © istockphoto.com

Павлодар қаласындағы орталық мешіттің жертөлесінде өрт шығып, салдарынан бір адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖД мәліметінше, оқиға Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің жертөлесінде болған. Кондиционерді фреонмен толтыру барысында баллоннан газ жылыстап, арты өртке ұласқан. Тілсіз жаудың аумағы 2 шаршы метрді құрады.

Өрт сөндірушілер жеткенге дейін мешіт қызметкерлері құрылғыны өртсөндіргіштің көмегімен өздігінен ауыздықтап үлгерген. Оқиға орнына келген құтқарушылар бықсып жатқан жалынды толықтай сөндірді.

Оқиға салдарынан кондиционерді жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандардың бірі зардап шекті. 1993 жылы туған ер адамның денесін күйік шалып, ол жедел түрде қалалық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Қазіргі уақытта мамандар техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеруде.