Жетісу облысындағы жол апатынан бес адам қаза тапты

Тағы екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілді

Жетісу облысындағы жол апатынан бес адам қаза тапты
Фото: © istockphoto.com

Жетісу облысында екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан ірі жол апаты тіркелді. Қайғылы жағдай бес адамның өмірін қиды, тағы екі зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 26 маусым күні кешке Алматы – Өскемен тасжолының 432-шақырымында болған. Полицияның мәліметінше, екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысқан. Қатты соққының салдарынан екі автокөліктің де жүргізушісі және үш жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен жақын маңдағы медициналық мекемеге шұғыл түрде эвакуацияланды.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол апатының нақты себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындаған.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.