Түркістан облысында жаңа экопарк ашылды
Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты
Түркістан облысында президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қарашық өзенінің бойында заманауи «Түркістан» экопаркі пайдалануға берілді. Жаңа демалыс орнының ашылуы өңірдегі ауқымды қоғамдық шарамен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экопарктің ресми ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы бұл шараның елдегі саяси реформалармен байланысын атап өтті.
«Бірнеше күннен кейін жалпыхалықтық дауыс беруде бүкіл ел болып қолдаған Жаңа Конституция күшіне енеді. Түркістан тұрғындары референдумға қатысуда белсенділік танытып, бірлік пен патриотизмнің үлгісін көрсетті. Мемлекет басшысы Түркістан халқына өз ризашылығын білдірді», — деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Жаңа Конституцияның негізгі принциптерінің бірі «Заң мен тәртіп» концепциясы екенін және бұл тарихи қадамды ел жастарының толық қолдайтынын жеткізді.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына сегіз жыл толды. Осы уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы айтарлықтай қарқын алды. Соңғы сегіз жылда облыста жалпы көлемі 6,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 1991–2017 жылдар аралығында салынған тұрғын үй көлемінің 77 пайызына тең. Сонымен қатар 214 жаңа мектеп пен 219 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер байқалады: бүгінде 801 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылып, халықтың 90 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Ал өңірдің жалпы өңірлік өнім көлемі сегіз жыл ішінде үш есе артты.
50 гектар аумақты алып жатқан демалыс орны толықтай экологиялық таза материалдардан салынған. Саябақ ішінде жергілікті климатқа бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары отырғызылды.
Саябақтың ішкі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Аумағында жел мен күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарықшам орнатылған. Демалушылар үшін 4 көпір, 3 волейбол алаңы және 1 футбол алаңы салынған. Сонымен қатар жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайтын балалар ойын алаңы, балық аулауға арналған 3 жағажай аймағы мен от жағуға арналған 11 арнайы орын қарастырылған. Бұдан бөлек, саябақта барбекю орындары, демалыс орындықтары, сондай-ақ тастан және ағаштан жасалған сәндік мүсіндер орналастырылған.
Мерекелік кеш отандық эстрада жұлдыздары Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек және Alem-нің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.