«Əділет» партиясы «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаттарына қолдау көрсетті

Астанада XIX «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау рəсімі өтті

«Əділет» партиясы «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаттарына қолдау көрсетті
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Əділет» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XIX «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау рəсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жиырма жылға жуық уақыт аралығында бұл сыйлық ерен еңбегімен, жетістігімен жəне өз өнегесімен инклюзия, адамның қадір-қасиетін құрметтеу жəне тең мүмкіндіктер идеяларын ілгерілетіп жүрген азаматтарды біріктіретін беделді қоғамдық алаңға айналды.

Салтанатты рəсімді ашқан «Əділет» партиясының Төрағасы Айбек Дəдебай бүгінде «Жан Шуақ» сыйлығы лауреаттардың еңбегін мойындаудың ғана емес, инклюзивті қоғамды дамыту мəселелері жөніндегі қоғамдық диалогтың маңызды алаңы екенін атап өтті.

«Бүгін біз мамандығы да, тағдыры да əртүрлі адамдарға құрмет көрсетіп отырмыз. Сіздерді біріктіретін ортақ қасиет – нəтижеге қол жеткізе білу жəне өз мақсаттарыңызға адал болу. Сіздер өз еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз арқылы өмірімізді жақсартып келесіздер. Көпшілік сіздерге қарап бой түзейді. Əрқайсыңызға қосқан үлестеріңіз бен өзгелерге көрсетіп жүрген өнегелеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Айбек Дəдебай.

Биыл халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, қоғам қайраткерлері, кəсіпкерлер, мəдениет жəне ақпараттық технологиялар саласының өкілдері марапат иегерлері атанды.

Олардың қатарында 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков, Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нуркежанов, IT- маман əрі паралимпиада спортшысы Айсұлу Сүлейменова, музыкант Кенжебек Нұрдолдай жəне кəсіпкер Динара Кұтжолова бар. Ал халықаралық лауреаттар ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген жапон скрипкашысы Манами Ито мен əлемде алғаш болып Эльбрус пен Эверест шыңдарын тек білек күшімен бағындырған ресейлік параальпинист Рустам Набиев марапатталды.

Лауреаттар атынан 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов сөз сөйледі.

«Азаматтардың шынайы қолдауы, атсалысуы жəне бір-біріне деген құрметі адамдардың өз күшіне сенім артып, алға ұмтылуына көмектеседі. Дəл осы əрекеттер қоғамды нығайта түседі», – деді ол.

Осындай бастамалардың маңызына тоқталған Айбек Дəдебай инклюзивті қоғамды дамыту «Əділет» партиясы үшін жаңа Конституция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының «Əділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Əділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз», деген сөзін еске салып, партия міндеті осы қағидаттарды нақты шешімдер мен қоғамдық бастамалар арқылы дəйекті түрде жүзеге асыру екенін атап өтті.

Партия Төрағасы адамның қадір-қасиетін қорғау жəне тең мүмкіндіктер қалыптастыру мəселелеріне ерекше назар аударды.

«Əділет» партиясы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру – басты құндылықтардың бірі. Бұл тақырып маған да таңсық емес, сондықтан ешкім назардан тыс қалмайтын қоғам құрудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бүгінгі лауреаттар өз өнегесімен инклюзия ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдаумен ғана шектелмейтінін дəлелдеп отыр. Бұл – əрбір адамның өз əлеуетін ашуына, қабілетін жүзеге асыруына жəне қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Əділетті Қазақстан дəл осындай қағидаттар негізінде құрылады», – деді Айбек Дəдебай.

Осындай қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету əділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған «Əділет» партиясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.