Маңғыстауда «Жасыл ел» сарбаздары экологиялық челлендж бастады

Акцияның басты мақсаты – жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру

Маңғыстауда «Жасыл ел» сарбаздары экологиялық челлендж бастады
Фото: облыстың Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

2026 жылғы 26 маусымда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Маңғыстау облысының «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының мүшелері қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шара барысында қатысушылар Достық үйінің артқы аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды жинау, аумақты ретке келтіру және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты.

Акцияның басты мақсаты – жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттау және қоғамды тазалықты сақтауға жұмылдыру болып табылады.

Сондай-ақ, іс-шара соңында жастар экологиялық мәдениетті кеңінен дәріптеу мақсатында арнайы челлендж ұйымдастырды. Челлендж эстафетасы «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында Жаңаөзен қаласының жастарына жолданды.

Мұндай бастамалар өңір тұрғындарының экологиялық сана-сезімін арттыруға, туған жердің тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.