Телефон мен биометрияны пайдаланатын жаңа алаяқтық: Ұлттық банк халыққа үндеу жасады
Реттеуші азаматтарды жеке деректерін ешкімге бермеуге және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырды
Қазақстан Ұлттық банкі азаматтардың ұялы телефондарына, банктік қосымшаларына және биометриялық деректеріне қол жеткізу үшін қолданылып жатқан алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар азаматтардың мобильді құрылғылары мен жеке деректеріне қол жеткізу үшін әлеуметтік инженерия тәсілдерін жиі қолдана бастаған. Әсіресе олар адамдар асығыс жүретін әрі сақтығы бәсеңдеуі мүмкін әуежайлар, теміржол және автовокзалдар сияқты адам көп жиналатын орындарда белсенді әрекет етеді.
Кең тараған тәсілдердің бірі – ұялы телефонды «шұғыл қоңырау шалу керек» деген сылтаумен сұрап алу. Бірнеше минуттың ішінде алаяқтар банктік қосымшалар арқылы ақша аударып үлгеруі немесе телефонға қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды орнатып жіберуі мүмкін. Олардың қатарында HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk және TeamViewer бағдарламалары бар.
«Алаяқтық деректерінің жиілеуіне байланысты Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды қырағы болуға, ұялы телефондарын бейтаныс адамдарға бермеуге, сондай-ақ SMS-кодтарды, банк карталарының деректемелерін және басқа да жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға жарияламауға шақырады», – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Ұлттық банктің түсіндіруінше, қашықтан басқару бағдарламалары арқылы алаяқтар мобильді құрылғыны сырттай басқарып, SMS-кодтарға, мобильді қосымшаларға, мемлекеттік электрондық сервистерге және азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізе алады. Кейін бұл ақпаратты заңсыз әрекеттер жасау үшін пайдалануы мүмкін.
Сондай-ақ көшеде тегін фото немесе видео түсіруді ұсыну арқылы биометриялық деректерді жинау жағдайлары да қауіп төндіріп отыр. Алаяқтар өздерін енді бастап жүрген фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, портфолиосын толықтыру үшін тегін түсірілімге қатысуды ұсынады.
Олар түсірілген фото мен бейнематериалдарды жасанды интеллект технологиялары арқылы дипфейк жасауға, сондай-ақ басқа да алаяқтық әрекеттерде, оның ішінде ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламалар тарату үшін қолдануы мүмкін.
Ұлттық банк өз қызметкерлері ешқашан аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін тағы бір мәрте еске салды.
Егер қазақстандықтар алаяқтыққа тап болса, Ұлттық банк бұл туралы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береді.