Еліміздің жеті қаласында ауа сапасы нашарлайды

Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін

Еліміздің жеті қаласында ауа сапасы нашарлайды
Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстанның жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ескерту жариялады. Ауа райының бұзылуы атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына әкеп соғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Мамандардың болжамынша, 27 маусым күні еліміздің бірқатар өңірінде желсіз ауа райы сақталады. Осыған байланысты атмосфералық ауаның ластануына қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Алматы, Қарағанды, Теміртау, Талдықорған қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Риддер, Семей және Өскемен қалаларында күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.