Несие алушылар азайды: бұл нарықта қандай салаға кері әсерін тигізіп отыр
Азық-түлік емес тауарлар секторындағы өсім небәрі 0,7 пайызды құрайды
Парламент палаталарының бірлескен отырысының брифингінде ұлттық экономика министрі – премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин тұтынушылық несиелердің азаюы кімдерге кері әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атап айтқанда, макропруденциалдық реттеудің арқасында елімізде тұтынушылық несиелендірудің өсу қарқыны осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша небәрі 3,1 пайызды құрады. Бұл қазір тұтынушылық сұраныс есебінен өмір сүріп келген экономика секторларына айтарлықтай қысым жасап отыр. Егер бізде бес айдың қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары секторындағы өсім 10,7 пайызды құраса, азық-түлік емес тауарлар секторындағы өсім небәрі 0,7 пайызды құрайды. Бұл аталған сектордағы өсімнің баяулағанын көрсетеді», – Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл жерде қайтадан дисбаланстар туындауы мүмкін, бұдан бизнесмендер зардап шегуі мүмкін.
«Қазір біз бұл ақпаратты осы секторда орналасқан өңірлерден жинап жатырмыз. Сонымен қатар, мен сізге бұған дейін тұтынушылық сектор туынды әсерлер тудыратынын айтқан болатынмын, бұл – логистика, трейдинг, бұл тұтынушылық сұраныстың қарқынды өсуі аясында қалыптасқан жаңа жұмыспен қамту. Туынды әсерлер және бұл әсерлердің жоғалуын бақылайтын болармыз, бұл тағы да экономиканың басқа салаларына соққы береді. Өйткені тұтынушылық несиелеуден түскен қаражат экономикаға сіңіп, қоғамдық тамақтану, мейрамхана және дәмхана бизнесі, тұрғын үй нарығы мен жалпы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді», – деді ол.