Қызылордада «Таза қала – ортақ жауапкершілік» экологиялық акциясы өтті

Тазалық акциясы табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталды

Қызылордада «Таза қала – ортақ жауапкершілік» экологиялық акциясы өтті
Фото: Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы

 «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қызылорда қаласындағы «Сыр сүлейлері» аллеясында «Таза қала – ортақ жауапкершілік» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.

Шараға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары және белсенді жастар қатысып, аллея аумағын қоқыстан тазарту, жасыл желектердің маңын ретке келтіру, сондай-ақ аллея бойында орналасқан ескерткіштер мен мүсіндерді сүртіп, күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.

Шараның арнайы қонағы әрі спикері – үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов болды. Кездесу барысында ақын жастармен еркін пікір алмасып, «Сыр сүлейлері» аллеясының ашылу тарихы мен оның рухани-мәдени маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол Сыр өңірінен шыққан жыраулар мен шайырлардың қазақ әдебиеті мен өнеріндегі орны туралы айтып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және тарихи-мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтауға шақырды.

Акция аясында қатысушылар экологиялық мәдениеттің маңызы туралы пікір алмасып, қоғамда тазалық пен тәртіпті сақтаудың ортақ міндет екендігін көрсетті. Жастар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысып, туған қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты.

Мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда табиғатқа жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.