Алматының орталық көшелерінің бірінде жер астынан от шықты (ВИДЕО)
Өрт жедел түрде оқшауланып, толықтай сөндірілді
Алматының орталық көшелерінің бірінде жер астынан от шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, кеше түстен кейін Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Гагарин көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында жерасты коммуникацияларынан өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
«Оқиға орнына полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, апатты қызмет мамандары мен энергетиктер жедел жетті. Тәртіп сақшылары қауіпті аумақты қоршауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, өрт сөндіру қызметі тілсіз жауды сөндіру жұмыстарына кірісті. Мамандардың алдын ала болжамынша, өрттің шығуына жерасты инженерлік желілеріндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін», – делінген ПД хабарламасында.
Өрт жедел түрде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.